25 қаң, 2021 сағат 09:38

Қазақстанға ең көп инвестиция салған 10 мемлекет - зерттеу

Ranking.kz ақпарат көзі Қазақстанға инвестиция салатын мемлекеттердің ондығын ұсынды. Ұлттық банктің мәліметін негізге алған ақпарат көзі сонымен қатар 2020 жылы Қазақстанға екі мыңнан астам жаңа шетелдік компания кіргенін жария етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2020 жылдың бірінші жартыжылдығында коронавирус пандемиясының экономикалық әсеріне байланысты әлемде тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) 2019 жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда 49%-ға төмендеді. Тікелей шетелдік инвестициялардың барлық негізгі түрі қықсарғанын атап өту керек. Дүние жүзі бойынша енізілген шектеу шаралары қолданыстағы инвестициялық жобалардың жұмысын тежеді, ал ауқымды рецессия трансұлттық корпорацияларға жаңа жобаларды қайта қарауға мәжбүр етті. Құлдыраудың ең үлкен деңгейі дамыған елдерде байқалды, онда шетелдік тікелей инвестициялар ағыны 75%-ға төмендеді. Өз кезегінде дамушы елдерде инвестициялар ағыны 12%-ға ғана азайған. Жалпы 2020 жылы ТШИ-дің жаһандық ағындарының төмендеуі 30-40% аралығында болатыны болжануда», - делінген зерттеуде.

Дағдарыстың жағымсыз салдары Қазақстанды айналып өткен жоқ. 

Объективті себептерге байланысты 2020 жылдың 9 айында Қазақстанға шетелдік тікелей инвестицияның жалпы ағыны бір жыл ішінде 32,2% төмендеп, 12,6 млрд АҚШ долларын құраған. 

Қысқару көрсеткіші негізінен экономиканың тау-кен секторына шетелдік инвестиция ағынының негізгі бөлігін құрайтын ТШИ ағындарының төмендеуіне байланысты болып отыр. 

Бұл салада ТШИ ағыны 42,1%-ға немесе 4,5 млрд АҚШ долларына азайған.

«Әлемдік дағдарысқа қарамастан, Қазақстан шетелдік инвестициялар үшін тартымды ел болып отыр. Аймақтағы шетелдік инвестициялар ағыны бойынша сөзсіз көшбасшы. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанға ТШИ ағыны шамамен 350 миллиард АҚШ долларын құрады. Кейінгі бес жылда Қазақстан жыл сайын орта есеппен 21,3 миллиард долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартты. Бүкіл әлемде карантин шаралары күшейтіліп, өндіріс тоқтатылған кезде Қазақстан үкіметі жобалардың тоқтап қалуына жол бермей, жаңа инвесторларды тарту жағынан уақтылы шараларды қабылдады. Осылайша, 2020 жылы 3800-ден астам жұмыс орнын құра отырып, жалпы құны 1,3 миллиард АҚШ долларына 25 ірі инвестициялық нысан пайдалануға берілді», - дейді Ranking.

Зерттеу мәліметтеріне сәйкес, Қазақстанға инвестиция салатын мемлекеттердің ондығын Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Ресей, Ұлыбритания, Бельгия, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея мен Кипр құрайды.