2020 жылдың наурыз айының соңын есептегенде Ұлттық банкке сеніп басқарылатын БЖЗҚ зейнетақы активінің мөлшері 11,7 трлн теңгені құрады. Бұл сома бір жыл бұрынғы көрсеткіштен (9,6 трлн теңге) 2,1 трлн теңгеге немесе 21 пайызға артық, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ranking.kz ақпарат көзіне сілтеме жасап.
Осы жылдың наурыз айының соңында жарнаның барлық түрі бойынша жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) жалпы саны 2,7 пайызға ұлғайып, 10,7 миллионға жетті. ЖЗШ-лардың басым бөлігін бұрынғыша міндетті зейнетақы жарналары (10,1 млн) құрайды. Ал міндетті кәсіби зейнетақы жарналары бойынша шоттардың саны 514,8 мыңға жеткен. Өз еркімен зейнетақы жарнасын аударып, шот ашып жатқандардың да саны көбейіп келеді. Бір жылдың ішінде бұл санатта 55,4 мың шот (11,6 пайызға көбейген) ашылған.
Зейнетақы активтерінің кірісін сақтап, арттырып отыру үшін инвестициялық портфельді диверсификациялау бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізіліп келеді. Мәселен БЖЗҚ-ның зейнетақы активі портфелінің басым үлесін бұрынғыдай инвестициялаудың тұрақты әрі кірісі мол құралы саналатын ҚР мемлекеттік құнды қағаздары (42 пайызы немесе 4,9 трлн теңге) құрайды. Бұған қоса 2015 жылы олардың үлесі 46 пайызға тең болған еді.
Сонымен қатар 2015 жылдың мамыр айының соңында Қазақстанның ұйымдарындағы құнды қағаздардың зейнетақы активі портфеліндегі үлесі 31,3 пайызға тең болса, осы жылдың мамыр айының соңында бұл үлес 27,2 пайызды көрсетті.
2019 жылдың қараша айында зейнетақы активтерін басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған жұмыстар аясында зейнетақы активі портфеліндегі валютаның бір бөлігін шетелдік басқарушы компанияларға кезең-кезеңімен беру процесі басталған еді. Жалпы портфельді сыртқы басқаруға беру бойынша төрт халықаралық компания таңдалып алынған болатын. Осының нәтижесінде 2019 жылдың наурыз айында сыртқы басқарудағы активтер үлесі БЖЗҚ- инвестициялық портфелінің 1 пайызын құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 3,3 пайызға немесе 385,3 млрд теңгеге теңесті.