02 нау, 2022 сағат 19:15

Қазақстандықтардың билік институттарына деген сенімі қандай?

 

Қазақстан халқының билікке деген сенім деңгейін анықтау мақсатында ел аумағында мониторинг жасалып, сауалнама жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халықтың билік институттарына деген сенімі өзгеріссіз қалып отыр. Елдегі барлық деңгейлі биліктің вертикалі бойынша халықтың басым бөлігі, яғни 81,4 пайызы Мемлекет басшысына сенім артып отыр. Осы тұста айтып өткен жөн, өткен жылдың қараша айынан бастап, барлық билік институттарына деген халықтың сенімі азайған. Атап айтқанда, Үкіметке 18 пайызға, Парламентке 15 пайызға және облыс әкімдеріне 13 пайызға дейін сенім төмендеген. Сонымен қатар халықтың елдімекендер әкімдеріне деген сенімі 5,7 пайызға, мәслихаттарға 15 пайызға және саяси партияларға 14,6 пайызға төмендеген», - деді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина мониторинг нәтижесімен таныстыра отырып. 

Институт басшысы орынбасарының мәліметінше, сауалнамаға қатысқан азаматтардың 43,7 пайызы саяси партиялардың қызметіне сеніп, оң баға береді. 

«Сауалнама кезінде респонденттерге жаңа партияларға қатысты сұрақ қойылды. Соның аясында респонденттердің 48,4 пайызы жаңа саяси партияны қолдауға дайын екенін жеткізді. Ал сауалнамаға қатысқан әрбір үшінші азамат жаңа партияны қолдауға дайын емес екендігін алға тартты. Және қатысушылардың 15,8 пайызы аталған сұраққа жауап беруге қиналатындығын айтты», - дейді ол.