12 нау, 2020 сағат 13:13

Қазақстандықтардың 87,7 пайызы шерулерді қаламайды - Сауалнама

Арнайы жүргізілген сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 87,7 пайызы шеруге шығуды қаламайтындықтарын білдірді. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет алдына митингілер туралы заңнаманы жетілдіру жөнінде нақты міндет қойды. Осыған сәйкес, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары әзірленді. Заң жобалары «Ашық мәліметтер» порталына жарияланған сәттен бастап азаматтардан 261 пікір түсті. Қазақстанның 9 қаласында тыңдаулар өтті», - деді Мәжілісте аталған заң жобаларын таныстырған министр.

Оның атап өтуінше, Қазақстанда тіркелген халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық өкілдіктердің өкілдері үшін де заң жобасының жеке таныстырылымы өткізілді. Сондай-ақ қоғамдық, оның ішінде әлеуметтік желілердегі пікірлер зерделеніп, әлеуметтік зерттеулер жүргізілді.

«Қарама-қарсы пікірлер өте көп. Бізге, өкілетті мемлекеттік орган ретінде барлық мүдделі тараптардың қажеттілігін қанағаттандыратын теңгерім табу оңайға түскен жоқ. Конрад Аденауэр атындағы неміс қорының қолдауымен DEMOSCOPE қоғамдық пікірді жедел мониторингілеу бюросы елдің бүкіл өңірінде қазақстандықтарға сауалнама жүргізді. Оның нәтижесі респонденттердің 40 пайызы митингтер елдегі жағдайды тек тұрақсыздандырады деп санайтындығын көрсетті. Олардың 43 пайызы митинг өткізуді билікпен келісу қажет деп есептейді», - деді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтік сауалнама барысында оған қатысқан қазақстандықтардың 87,7 пайызы шеруге шыққылары келмейтіндіктерін айтқан.

«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жүргізген әлеуметтік сауалнама сауал алынған қазақстандықтардың 53,7 пайызы жиналыс өткізуге рұқсат алу жиналысты өткізушілер үшін міндетті болуы тиіс деп санайтындығын көрсетті. Бұл ретте респонденттердің 21,4 пайызы ғана Қазақстанда өтетін митингтерге оң қарайды», - деді Дәурен Абаев.