Қазақстандықтарды Мысырда ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері ұстаған, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақовқа сілтеме жасап.
"Бүгін Қазақстан елшісі Мысырдың сыртқы істер министрінің орынбасарымен кездесті. Кездесу барысында Мысыр өкілдері қазақстандық студенттерді ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері ұстағанын хабарлады. Олар бізге балалардың аман-есен және қауіпсіз жерде екенін айтып, жақын арада толығырақ мәлімет беруге уәде берді", - деді Әнуар Жайнақов.
"Жаңа ғана Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов ұсталған студенттердің туыстарымен кездесіп, оларға барлық жағдайды түсіндіріп берді", - деп айтып өтті ҚР СІМ өкілі.
Еске салайық, 24 шілдеде қазақстандық алты студенттің Мысырда жоғалып кеткені хабарланған болатын.
Бұған дейін Мысырда жоғалып кеткен 6 қазақстандық студентті Каирдің құқық қорғау органдары ұстап отырғандығы туралы хабарланған болатын.