27 мау, 2025 сағат 11:59

Қазақстандықтар жаңалықтарды қайдан оқиды? Соңғы зерттеу нәтижелері

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда бүгінде 4821-ге жуық бұқаралық ақпарат құралы тіркелген, оның ішінде 235 телеарна, 100-ге жуық радиостанция, 1200-ден астам ақпараттық агенттіктер мен желілік басылымдар халықты ақпаратпен қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Қоғамдық саясат институты жүргізген зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың елдегі жаңалықтарды алудағы негізгі арналарын анықтады. Сауалнамаға қатысқандардың 66,8%-ы әлеуметтік желілерді ақпарат көзі ретінде пайдаланады, бұл көрсеткіш теледидардан (54,7%) айтарлықтай басым. Әсіресе Қызылорда (68,2%), Батыс Қазақстан (66,7%) және Қостанай (65%) облыстарында әлеуметтік желілердің үлесі жоғары. 18-24 жас аралығындағы жастар (76,3%) әлеуметтік желілерді жиі қолданса, теледидарды көбінесе ауыл тұрғындары (58,3%) көреді.

Ақпарат алу арналарының ТОП-3 тізіміне интернет-БАҚ (53%) кіреді. Олар Шымкент (71%), Алматы (62,3%) және Ақтөбе облысы (61,4%) тұрғындары арасында ерекше танымал. Мемлекеттік органдардың сайттары (14%), газет-журналдар (8,8%) және радио (5,9%) жетекші үштікке қарағанда айтарлықтай артта қалған.

Мемлекеттік органдардың сайттарын көбінесе кәсіби, ғылыми-техникалық сала өкілдері (28,5%), мемлекеттік қызметшілер (27,6%) және қаржы, сақтандыру саласының қызметкерлері (24,3%) пайдаланады. Білім деңгейі жоғары болған сайын, респонденттер мемлекеттік органдардың сайттарын жиі қолданады.

Сауалнамаға қатысқандардың 15,4%-ы жаңалықтарды достарынан, туыстарынан және әріптестерінен алады. Бұл әсіресе Алматы (26,2%), Жетісу (23,6%) және Қарағанды облыстарында (21,4%) кең таралған.