07 қыр, 2022 сағат 18:33

Қазақстандықтар Қостанай облысына көмек ретінде қанша ақша жинады?


Қостанай облысындағы алапат орман өртінен зардап шеккендерге көмек ретінде "Қайырымдылық KZ" қорына қазақстандықтар қанша сома жинағаны белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Бүгінде қорға 491 миллион 614 мың теңге түсті. 5 қыркүйекте "Сарыарқа автопром" ЖШС 70 миллион теңге аударды, PetroRetail ЖШС - 50 миллион теңге, Абулғазин Данияр Рүстемұлы (ашық деректер бойынша, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің жалпы мәселелер жөніндегі вице-президенті – еск.) – 50 миллион теңге, "Арип-Авир" ЖШС – 5 миллион теңге", - деді қор төрағасы Батырбек Ахметов.

Оның айтуынша, 5 қыркүйекте 102 миллион теңге түссе, 6 қыркүйекте - 33 миллион теңге. Қаражат әлі де түсіп жатыр.

Ахметов қордың ақша жинау мерзімін шектемегенін, бірақ оны жұмсау басталмағанын айтты.

Қор құрылтайшылары қаражатты бөлуде ашық болуға уәде берді.