20 ақп, 2020 сағат 15:35

Қазақстандықтар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын әзірлеуге қатыса алады

2020 жылғы 18 ақпаннан бастап, «Ашық диалог» порталында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көшу» тақырыбында сауалнама өткізіліп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аталған сауалнама «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тұрғындар қалай қабылдайтынын және оған олардың тарапынан қандай ұсыныстар болатынынын білу мақсатында жүргізіледі.

Айта кетерлігі, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты мақсаты – билік пен халық арасында конструктивті диалог орнату.

2019 жылы Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы азаматтардың барлық өтініштеріне жедел және тиімді жауап беруге бағытталуы керек екенін атап өткен болатын.

«Жасыратыны жоқ, мемлекеттік аппарат қызметіндегі мәселелер көп жағдайда биліктегілер мен азаматтар арасында кері байланыстың жоқтығына қатысты болып келеді.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл барынша ашық және есепті мемлекетті қалыптастыру. Сондықтан, бұл тұрғыда тұрғындардың пікірі барынша ескерілуі тиіс.

Сауалнама «Ашық диалог» порталында 2020 жылдың 1 наурызына дейін өткізіледі. Әрбір азамат мына сілтемеге өту арқылы тұжырымдамаға қатысты өз пікірін білдіріп, ұсынысын жолдай алады», делінген хабарламада.