07 мау, 2024 сағат 16:28

Қазақстандықтар дүйсенбі – Құрбан айт күні демалмайтын болды

Сурет: ҚМДБ

Биыл Құрбан айттың алғашқы күні жексенбіге түсіп тұрғандықтан, қазақстандықтарға қосымша демалыс берілмейді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ақпаратына сілтеме жасап.

Биыл қасиетті мейрамның бірінші күні 16 маусым, жексенбіге түсіп тұр.

«2024 жылы 6 маусымда жаңа айдың көрінуіне байланысты биыл зұлхижжа айы 7 маусымда басталып, арапа 15 маусымға, ал Құрбан айт 16 маусымға сай келеді», - делінген хабарламада.


Ал қолданыстағы заңға сәйкес, діни мейрам демалыс күндерге түссе, демалыс басқа күнге ауыстырылмайды.

Яғни бұған дейін ҚМДБ діни мерекелер кестесін жариялаған кезде, Құрбан айттың бірінші күні 17 маусым, дүйсенбіге түсетінін хабарланған. Дегенмен, айдың көрінуіне байланысты, қасиетті мейрам бір күн ерте басталатын болып тұр. 

Айта кетері, үш күнге созылатын Құрбан айтта жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет.