24 қар, 2021 сағат 13:25

Қазақстандықтар COVID-19 аспиринмен емдеу туралы ескі фейкті таратуда


Telegram мессенджерінде дәрігерлер тарихта алғаш рет ДДСҰ-ға бағынбай, COVID-19-дан қайтыс болған адамның мәйітіне тексеру жүргізгені туралы хабарлама тағы да таралуда. Нәтижесінде аурудың қоздырғышы бактерия екені анықталған, ал оны аспиринмен емдеу керек делінген. Бұл - жалған, деп хабарлайды Stopfake.kz сайты.


Бұл жолы қолданушылардың айтуынша, оқиға Ресейде Набережные Челны қаласында болған. Шындығында, ғалымдар мұндай мәлімдеме жасаған жоқ. Бұл хабарлама ескі фейктің тағы бір нұсқасы, онда мәйіт тексерілген елді мекеннің ғана атауы өзгерген. Бұған дейін Германия, Италия, сондай-ақ Якутия және Ресейдің өзге аймақтарының мамандарының осындай жаңалық ашқаны туралы хабарланған болатын.

COVID-19 нақты вирус тудыратыны дәлелденді. Бұл вирустың геномы толығымен ашылып, зерттелген және көпшілікке қолжетімді.

КВИ нәтижесінде көз жұмғандардың денесін ашып тексеруге ешқашан тыйым салынбаған. ДДСҰ-ның ресми сайтында бұл індеттен қайтыс болған адамдардың денелеріне қатысты нұсқаулық бар, онда аутопсия туралы да айтылған. Құжат 2020 жылғы 24 мамырда шыққан.

Мәйітті ашып-тексеруді жүргізу және зерттеу үшін өлімнен кейінгі тіндерді алу жөніндегі егжей-тегжейлі нұсқаулық АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) сайтында да бар.

КВИ нәтижесінде қайтыс болған адамдардың аутопсиясынан кейін жасалған патологоанатомдардың қорытындылары туралы БАҚ бірнеше рет жазды.

COVID-19 неге аспиринмен емдеуге болмайтыны туралы біз бұған дейін жазған болатынбыз.

Демек, таратылымда айтылған мәлімдемелердің барлығы жалған болып табылады. Ал хабарламаның өзі Желіде 2020 жылдан бері таралып келе жатқан ескі фейк.