Сурет: ашық дереккөз
Қазақстанда Әкелер күнін атап өтілуде.
2023 жылы енгізілген бұл мереке елімізде отбасы құндылықтарын насихаттап, әкелер институтын нығайтуда маңызды қадам болды. Бала тәрбиесінде қашанда әкенің рөлі өте зор және мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерінің бірі де – осы.
Бүгінде "Әкелер одағының" еліміздің 12 өңірінде филиалы жұмыс істейді. Сондай-ақ Астананың әр мектебінде арнайы өкілдігі бар. Олардың балаларды қолдауға және денсаулығын нығайтуға бағытталған ЮНИСЕФ жобаларына қатысуы қоғамға шынайы қызмет етудің жарқын үлгісі.
Осы күзде IX Республикалық Әкелер форумы өтеді. Бұл іс-шара Қазақстандағы әкелер институтының дамуы мен отбасы саясатының өзекті мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналады деп сенеміз.
Мереке аясында бүкіл ел бойынша 600-ден астам іс-шара жоспарланған.
«Форумдар, «Әке – менің қорғаным», «Менің әкем – мақтанышым» суреттер конкурсы, спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде «Менің әкем – ең жақсы адам» акциясы басталады»,-делінген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі таратқан мәліметте.
Айта кетейік, ҚР Үкіметінің басшысы 2023 жылғы 1 маусымда қол қойған жарлыққа сәйкес Қазақстанда Әкелер күні маусым айының үшінші жексенбісінде аталып өтеді. Отбасы құндылықтарын дәріптеу, отбасы және тәрбие институтын нығайту мақсатында әлемнің көптеген елдерінде аталып өтетін «Аналар күні» және «Әкелер күні» ресми мерекелері біздің елімізде де бекітілген (Аналар күні – мамырдың екінші жексенбісі, Әкелер күні – маусымның үшінші жексенбісі).