05 мам, 2021 сағат 12:08

Қазақстандық зауыт жылына 60 млн доза вакцина шығара алады - министр


Жамбыл облысындағы қазақстандық вакцина шығаратын зауыт жылына 60 млн доза QazVac бере алады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Нұрлан Нығматулин Денсаулық сақтау министрінен отандық QazVac вакцинасы қашан және қандай көлемде қолжетімді болатынын сұрады. 

«Сұрау берілген жеткізілімдерге сәйкес, біз Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ алаңында қазақстандық вакцинаның ай сайын 50 мың дозасын аламыз және 100 мыңға дейін өсіреміз. Алдағы уақытта Жамбыл облысындағы алаң іске қосылғанда, зауыт жылына 60 млн дозаны қамтамасыз ете алады. Шамамен жылдың соңында, өйткені GMP инспекциясын жүргізу үшін өндірісті толыққанды іске қосып, тәжірибелік партияны шығару қажет. Осыдан кейін біз өндірісті бағалап, вакцина шығаруды іске қоса аламыз», - деді Алексей Цой.