26 қаң, 2021 сағат 11:54

Қазақстандық вакцинаны салдырамын – Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық вакцина салдыратынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

"Вакцинациялауды сапалы өткізу үшін барлық жағдайды жасау керек. Вакциналау бойынша науқан ұйымдастырылған тәртіпте өтуі керек. Үкіметке әкімдермен бірлесе толыққанды дайындықты қамтамасыз етіп, 1 ақпаннан жаппай вакциналауға кірісуді тапсырамын.

Отандық вакцинаның сынағы оң қорытынды береді деп үміттенеміз. Егер жақсы нәтиже көрсетсе, мен дәл осы қазақстандық вакцина салдырамын", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында. 

Президент дағдарысты еңсерудің ең пәрменді әрі жүйелі шарасы жаппай вакцинациялау екенін атап өтті. 

"Кейбір арандатушылар айтып жүргендей, күштеп вакцина егу деген болмайды. Бірақ адамдар вакцинацияның қиын жағдайдан шығудың жолы екенін түсінуі керек", - деді Мемлекет басшысы. 

Тоқаев екпе егу науқанын сапалы жүргізу қажет екенін айтты. 

Ол үкіметке әкімдермен бірлесіп толыққанды дайындық жүргізуді және 1 ақпаннан жаппай вакцинациялауды бастауды тапсырды.