06 қыр, 2017 сағат 12:51

Қазақстандық туристер мен бизнесмендердің Польшаға визасыз келуін қолдаймын - Анджей Дуда

Қазақстандық туристер мен бизнесмендердің Польшаға визасыз келуін қолдаймын. Бұл туралы бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін бірлескен мәлімдеме жасаған Польша президенті Анджей Дудамен айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің кәсіпкерлердің Қазақстанға қызығушылығы өте жоғары. Бүгін Астанаға тек қана поляк үкіметінің өкілдері ғана емес, сонымен бірге қазақстандық серіктестермен ынтымақтастықты бастауға немесе тереңдетуге мүдделік танытатын поляк компанияларының өкілдері келді. Поляк фирмалары қазақстандық нарықта бірнеше жыл бойы жұмыс істеуде. Меніңше оған поляк азаматтары үшін 30 күнге дейін виза режимін алып тастау сынды әрекет өз септігін тигізіп отыр. Іскерлік байланыстарды ғана емес сондай-ақ туристік сапарларды да жеңілдетеді. Қазақстаннан бизнесмендер мен туристердің Польшаға визасыз келуін қолдаймын. Біз бұл жайнда халықаралық форумда да айттық. Демек, Президент мырза поляк мемлекетінің өкілдері тарапынан қолдауға сенім арта беруіңізге болады», - деді Дуда.

Сонымен қатар Польша Президенті ертең Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі қазақстандық павильонды көрсететіндігін айтты.

Айта кетерлігі, бірлескен мәлімдеме барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Анджей Дудадан Қазақстан азаматтары үшін Польшада визасыз режим енгізуді өтінген болатын.