10 ақп, 2020 сағат 08:46

Қазақстандық татами шеберлері Grand Slam турнирін екі медальмен аяқтады

Франция астанасы Парижде өткен дзюдодан дәстүрлі Grand Slam турнирін қазақстандықтар бір күміс, бір қола медальмен аяқтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алғашқы қола медальді 60 келіде ел намысын қорғаған Елдос Сметов жеңіп алған болатын. Ол жартылай финалда ресейлік Яго Абдуладзеге есе жіберіп, қола медаль үшін өткен кездесуде Оңтүстік Корея спортшысынан басым түсті.

Ал, күміс медальді 73 келі салмақта сынға түскен Жансай Смағұлов жеңіп алды. Ол финалға дейін ешкімге дес бермей келген болатын. Ақтық бәсекеге дейін алты белдесу өткізіп, барлық қарсыластарынан басым түсті. Өкінішке қарай, «алтын» үшін соңғы белдесуде жапониялық Соичи Хашимитодан «ваззари» ұпайымен ұтылып қалды.

Осы орайда айта кетейік, Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ережесіне сәйкес «Grand Slam» турнирінің жеңімпазы мен жүлдегерлеріне әлемдік рейтингте ұпай сандары қосылады. Жеңімпазға 1000 ұпай, екінші орынға – 700, үшінші орын алған спортшыға 500 ұпайдан беріледі.

Осылайша, Жансай Смағұлов күміс медальмен қатар 700 ұпайға, Елдос Сметов 500 ұпайға ие болды.