03 ақп, 2020 сағат 16:07

Қазақстандық сарапшы Майк Помпеоның сапарына қатысты пікір білдірді

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының бас сарапшысы Болат Әуелбаев АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Қазақстанға сапармен келуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Қазақстанға қаңтар айында жұмыс сапарымен келетіні былтыр тамыз айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен жабық отырыста айтылды. АҚШ пен Ирак арасындағы жағдайға байланысты жоспарланған уақытта келе алмады. Ол жұмыс сапарымен Украинада, Беларусьта болып, Қазақстанға келді. Енді С5+1 форматы аясында өтетін министрлер кездесуіне қатысу үшін Ташкентке барды. Оның осында келуі АҚШ-та сайлауалды бағдарлама жүргізіліп жатқан кезбен тұспа-тұс келді. Қазан айында АҚШ-та президент сайлауы өтеді. АҚШ Мемлекеттік хатшысы сыртқы саясатқа жауап беретін адам ретінде Дональд Трамптың басқаруын насихаттайтын болады. Осы ретте, АҚШ Орталық Азияны, Ауғанстанды назардан тыс қалдырмайтындарын айтып, жаһандық саясатқа басымдық береді», - дейді Болат Әуелбаев.

Оның айтуынша, Майк Помпео Қазақстанға келген кезде Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасы, ауылшаруашылық және басқа да мәселелерді көтерген.

«Мұның бәрі АҚШ Мемлекет хатшысының Қазақстанға келуінің жанама себептері ғана. Жақын арада Дональд Трамп Орталық Азияға қатысты стратегиясын жариялайтын болады. Ал әзірге Орталық Азия мемлекеттерімен стратегиялық байланысты сақтап қалу, оны кеңейту қаншалықты маңызды екені айтылады (Ташкентте – авт)», - дейді бас сарапшы.