03 ақп, 2020 сағат 09:11

Қазақстандық конькишілер «Төрт құрлық турнирінен» жеті медаль жеңіп алды

АҚШ-тың Милуоки қаласында конькимен жүгіру спортынан алғаш рет өткен «Төрт құрлық турнирі» өз мәресіне жетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті хабарлағандай, аталған турнирден жерлестеріміз 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды.

Бірінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар бес медаль иеленді.

Роман Креч Қазақстан қоржынына алғашқы медальді салды. Ол 500 метрге жарысудан қола жүлдегер атанған. Осы қашықтықта сынға түскен тағы бір қазақстандық Артур Галиев оныншы орынға тұрақтады.

3000 метрге жүгіруден әйелдер арасындағы бәсекеде Надежда Морозова күміске қол жеткізсе, 5000 метрге жарысқан ерлер арасында Виталий Щиголев алтыннан алқа тақты.

Осы бәсекеде Дмитрий Морозов күміске иелік еткен. Спринттен командалық жарыста Артур Галиев, Станислав Палкин және Александр Кленко үштігі қолаға қол жеткізді. Олар Корея мен Қытай құрамаларына жол берген.

Ал екінші жарыс күні Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір жүлде түсті.

Қазақстандық спортшы Надежда Морозова 1500 метр қашықтықты сәтті бағындырып, жүлдегерлер қатарынан табылды. Мәреге екінші болып жеткен ол, жарыстың күміс жүлдегері атанды.

Соңғы жарыс күнінде қазақстандық конькимен жүгірушілер командалық спринттен қола жүлде жеңіп алды. Олар Канада мен Оңтүстік Корея құрамаларына ғана жол берген.