"Самұрық-Энерго" компаниясы өзіне қарасты "Мойнақ ГЭС" АҚ-мен бірге Қытайдың мемлекеттік даму банкінен алған қарызды мерзімінен бұрын өтеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Самұрық-Энерго" компаниясының департамент басшысы Сергей Лидің айтуынша, валюталық қарыздың сомасы 136,6 миллион АҚШ доллары көлемінде болған. Оны мерзімінен бұрын өтеудің нәтижесінде компанияның валюталық берешегінің жалпы үлесі бірден 17 проценттен 3 процентке дейін төмендеді.
"Қытайдың мемлекттік даму банкінен алынған қарыздың мөлшерлемесі 1,2 процент болды. Оған қоса, алты айлық LIBOR (Лондонның банкаралық ұсыныс ставкасы) бар. Ол шамамен 3,7 процент. Ал қарыздың мерзімі 2029 жылға дейін есептелген еді", - деді Ли бүгін баспасөз мәслихатында.
Департамент басшысы Қытай берген қарыздың қай ақшаның есебінен өтелгенін де айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, "Астана" халықаралық қаржы орталығы арқылы "Мойнақ ГЭС" компаниясының құнды қағаздары сатылымға шығарылған. Осылайша, қарызды өтеуге қажетті қосымша қаржы тартылды. Бұдан бөлек, Қытайдың мемлекеттік даму банкінде 5,6 миллиард теңге кепілзат ретінде жатты. Қарызды өтеу кезінде осы қаржы да салынған.
"Халықаралық қаржы орталығының биржасында біз алғашқы эмитенттердің бірі болдық. Алдағы уақытта осы ынтымақтастық байланыстарын жалғастыруға мүдделіміз", - деп атап көрсетті Ли.
Айта кетейік, Қантаев атындағы Мойнақ су электр станциясы 2012 жылы пайдалануға берілген болатын. Бұл кешен Алматы облысындағы Шарын өзенінде орналасқан. Станция Алматы, Жамбыл, Қызылорда мен Түркістан облыстарын электр энергиямен қамтамасыз етеді. Оның құрылысына Қазақстанның даму банкі мен Қытайдың мемлекеттік даму банкі қаржысы салынған еді.