Қазақстандық T&T Security компаниясы киберқауіпсіздік саласының әлемдік көшбасшысы Trend Micro Incorporated компаниясымен ынтымақтасады. Бүгін аталған компаниялар ғылыми және техникалық ынтымақтастықты бастау туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл біздің министрлік үшін де өте қуанышты оқиға. Біз T&T Security өнімдерімен алғаш рет 2016 жылы танысқан едік. Сол кезде танымал емес қазақстандық өнімді сатып алып, министрлікте табысты енгіздік. Біз қуаныштымыз, себебі киберқауіпсіздік саласында әлемдік жетекші компаниялардың бірі Trend Micro Incorporated пен T&T Security қазақстандық өнімді әзірлеу және нығайту бойынша өзара міндеттеме алады», - деді шара барысында ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Руслан Әбдіқалықов.
Оның айтуынша, ведомство барлық уақытта да қазақстандық әзірлеушілерге қолдау көрсетіп келеді.
«Бір жағынан мұнда біздің министрліктің де еңбегі бар деп есептейміз. Өйткені, осы жылдар бойы біз отандық әзірлеушілерді қолдауға тырыстық және бұл істі жалғастырып та келеміз. Сол арқылы еліміздегі шағын әрі ешкімге белгісіз өнім мемлекеттік қолдаудың көмегімен киберқауіпсіздік саласындағы әлемдік көшбасшылармен келісімшарт жасасу деңгейіне дейін шыға алатындығына үлгі ретінде көрсеткіміз келеді», - деді Руслан Әбдіқалықов.