11 там, 2025 сағат 16:23

Қазақстандық деректі фильм Нью-Йорк фестивалінде жүлделі болды

Фото: prp.kz

2025 жылғы 31 шілде мен 10 тамыз аралығында Нью-Йоркте өткен 48-ші Asian American International Film Festival аясында отандық режиссер Алина Мустафинаның «Пряники для её отца, моего прадеда, её деда» деректі фильмі Sikay Tang Critical Lens Award жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл марапат көрнекті режиссер және монтаж шебері Сикай Тангтың құрметіне тағайындалған және әлеуметтік әрі мәдени тақырыптарды терең зерттейтін деректі картиналарға беріледі. Жүлде небәрі екінші рет табысталып отыр, алайда AAIFF деректі бағдарламасындағы ең беделді сыйлықтардың бірі саналады.

Фильм Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Туындыда үш буын өкілі автобиографиялық сапарға шығып, Қазақстаннан Татарстанға, кейін Польшаға барып, өз түп-тамырын, ата-бабасын іздейді.

Алина Мустафинаның бұл жобасы бұған дейін де халықаралық деңгейде мойындалған: Пусан халықаралық кинофестивалінде әлемдік премьерасы, Турин кинофестивалінде еуропалық премьерасы өтті, «Бастау» фестивалінде (Қазақстан) «Үздік дебют» жүлдесін, Тегерандағы Cinema Verite фестивалінде «Үздік фильм» Гран-приін иеленді. Сонымен қатар Италиядағы Bolzano Film Festival Bozen және Абай облысындағы ORAI Festival аясында көрсетілген.

1978 жылдан бері өткізіліп келе жатқан AAIFF – азиялық және азия-америкалық кинематографистер үшін маңызды мәдени алаң болып саналады. Фестиваль әлемге тың оқиғаларды таныстырып, жаңа көркемдік көзқарастар қалыптастыруға ықпал етеді.