30 қаң, 2021 сағат 08:23

Садриддин Ахмедов үш титул үшін өткен жекпе-жекте жеңіске жетті (Видео)

23 жастағы Қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов (11-0, 10 КО) Мексиканың Куэрнавака қаласында титулдық жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды Sports.kz.

Онда ол Голландия боксшысы Стивен Даньомен (17-3-3, 6 КО) кездесті. Бірінші орта салмақтағы жекпе-жек он раундқа белгіленді. Жеңімпазға бірден үш аймақтық чемпион белдігі - WBA Continental, NABF және WBC Francophone берілуі тиіс болды.

Жекпе-жек төрешілердің бірауыз шешімі бойынша қазақстандықтың жеңісімен аяқталды.

Осылайша, Садриддин Ахмедов бірден үш белдікті иеленіп, он екінші жеңісіне қол жеткізді. Стивен Даньо осымен төртінші рет жеңілді.

Ахмедов Мексикада алғаш рет жұдырықтасты. Алдыңғы он жекпе-жегін Канадада, біреуін Қазақстанда өткізген. Канадалық Eye of the Tiger Management промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырған.

Садриддин бұған дейінгі жекпе-жегін 2019 жылдың желтоқсанында аргентиналық Хосе Вильялобосқа қарсы өткізді. Жекпе-жек жетінші раундта нокаутпен аяқталды.