14 қаң, 2026 сағат 12:29

Қазақстандық азамат 34 жыл некеде тұрып келгенін кездейсоқ анықтаған

Фото: ашық дереккөз

Жамбыл облысының тұрғыны өзі білмей 34 жыл бойы некеде тұрғанын кездейсоқ анықтап, сотқа жүгінуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Ult.kz.

Іс материалдарына сәйкес, ер адам 1991 жылы бір қызбен кездесіп жүрген. Жас жұп отбасы құруды жоспарлағанымен, арада төрт ай өткен соң қарым-қатынастары үзіліп, екеуі екі жаққа кеткен. Олар АХАТ органдарына барып, некені ресми тіркемеген, ешқандай құжатқа қол қоймаған және неке туралы куәлік алмаған.

Кейін әрқайсысы өз өмірін жалғастырған: әйел адам 1994 жылы басқа азаматпен заңды некеге тұрса, ер адам 2021 жылы шаңырақ көтерген.

Алайда 2025 жылы ер адам банктік қосымшаның «Мемлекеттік қызметтер» бөлімін пайдалану барысында 1991 жылы тіркелген неке туралы ақпаратты байқап қалған. Осыдан кейін ол бұл некені жарамсыз деп тану үшін сотқа талап-арыз берген.

Сот барысында анықталғандай, некені тіркеу актісіндегі қолтаңбалар талапкерге де, жауапкерге де тиесілі емес, оларды үшінші тұлға қойған. Сонымен қатар сол жылдарға тиесілі азаматтық хал актілерін тіркеу кітабы сақтау мерзімінің өтуіне байланысты жойылғаны белгілі болды.

Сотта талапкердің жақын досы әрі көршісі куә ретінде жауап беріп, олардың неке тіркеу рәсіміне қатыспағанын және ешқандай құжатқа қол қоймағанын растады. Ал АХАТ органының өкілі үшінші тұлға ретінде шақырылғанымен, сот отырысына келмеген.

Нәтижесінде сот 1991 жылы неке тіркеу заң талаптарын өрескел бұза отырып жүргізілген деген қорытындыға келді. Атап айтқанда, тараптар тіркеу кезінде жеке қатыспаған, ал мұндай «қашықтан неке» заңнамада көзделмеген. Осыған байланысты некені тіркеу туралы акт жазбасы жарамсыз деп танылды.