18 там, 2020 сағат 11:19

Қазақстандық әскери дәрігерлер Ливанда зардап шеккендерді емдеуде

Қазақстандық әскери дәрігерлер Ливанда зардап шеккендерді емдеп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сәйкес, дәрігерлер Бейрут, Боуар, Машгар және Сайда қалаларының медициналық мекемелерінде науқастарға көмек көрсетуде. 

Алғашқы жұмыс күнінен бастап Қазақстанның әскери дәрігерлері Ливанның жүздеген азаматына медициналық көмек көрсеткен. Олар Ливан дәрігерлерімен бірге әскери госпиталь және муниципалдық ауруханалардың базасында жұмыс атқаруда. 

Министрлік ақпаратынша, науқастардың арасында аммиак селитрасының детонациясынан болған жарылыс толқынынан зардап шеккендер бар. 

«Қазақстандық дәрігерлер хирургиялық, травматологиялық және терапевтік пациенттерді емдеуге жұмылдырылды. Біздің дәрігерлер реанимация және анестезиология бөлімшелерінің жұмысына, эндопротездеу сияқты жоғары технологиялық қызметтерді қоса алғанда, операциялар жүргізуге белсенді қатысады. Сонымен қатар, әскери дәрігерлер амбулаториялық науқастарға көмек көрсету және қабылдау бойынша медициналық пунктің жұмысын ұйымдастыруда», - делінген ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінде. 

Қазақстандық дәрігерлердің жұмысы елдегі эпидемиялық жағдайды ескере келе, қатаң санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылған.

«Мен Ливанның оңтүстігіндегі Бейрутта тұрамын. Осы қиын-қыстау кезеңде Қазақстан басшылығына және әскери дәрігерлерге менің халқыма және балаларыма көмек көрсеткені үшін алғысымды білдіргім келеді. Ливанға қош келдіңіз!», - деді науқастардың бірі Фади Эхри.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта Ливанда арнайы мақсаттағы қазақстандық әскери-медициналық жасақ жұмыс жасауда.