Фото: Gov.kz
Қазақстандық опера әншісі Әйгерім Алтынбек Италияда өтіп жатқан XI Халықаралық CLIP (Concorso Lirico Internazionale di Portofino) опера әншілеріне арналған байқаудың финалына шықты, деп хабарлайды Ult.kz.
22–27 шілде аралығында Портофино қаласында ұйымдастырылған бұл байқау – 32 жасқа дейінгі орындаушылар үшін әлемдегі ең беделді музыкалық додалардың бірі.
Әйгерім әлемнің 50-ге жуық елінен келген 92 үміткердің арасынан суырылып шығып, финалға жолдама алды. Байқау бірнеше кезеңнен тұрады: алдымен қатысушылар алдын ала тыңдаудан өтеді, кейін оркестрдің сүйемелдеуімен Портофиноның орталық алаңы – Piazzetta di Portofino-да өнер көрсетеді. Финал салтанатты гала-концертпен қорытындыланады.
Қазылар алқасының құрамында «La Scala» (Милан), Опера де Монте-Карло, Колон театры (Буэнос-Айрес), Мадридтегі Король театры мен Висбаден мемлекеттік театры сияқты әйгілі өнер ошақтарының жетекшілері бар.
Әйгерім Алтынбек бұған дейін де халықаралық деңгейдегі бірқатар жетістіктерімен танылған. Ол Италияда өткен Николай Гяуров атындағы байқауда үшінші орын иеленіп, атақты оперa әншісі Мирелла Френи атындағы арнайы марапатқа ие болды. Сонымен қатар, Миланның әйгілі «Ла Скала» театрының жастар бағдарламасына қабылданып, алдағы екі жыл бойы осы театрда білім алады. Маусым айында ол опера өнерінің аңыздары Хосе Каррерас пен Андреа Бочеллимен бірге бір сахнада ән шырқады.
