16 қыр, 2024 сағат 12:24

Қазақстандық алаяқтар алдаудың жаңа жолын тапты

Фото: pixabay.com

Қазақстандық алаяқтар алдаудың жаңа жолын тапты. Бұл туралы Stopfake хабарлады.

Жаңа тәсіл бойынша, алаяқтар адамдарға салық қарыздарын төлеуді талап ететін хабарламалар жібереді екен.

"Сақ болыңыз және естен шығармаңыздар: егер біреулер қашықтан төлем жасауды ұсынса, барлығын мұқият тексеріп алыңыз, бұл алаяқтардан ақшаны қайтаруды талап етуден гөрі оңай", - дейді журналистер.


Бұл схема қалай жүзеге асырылады?

Фейк "салық хабарламалары" ықтимал жәбірленушінің электрондық поштасына келеді. Онда "қарызды" қысқа мерзімде өтеу талап етіледі. Сондай-ақ, төлем жасауға болатын тікелей сілтеме ұсынылады. Ал ол бойынша өткен адамдар ақшаны бірден алаяқтарға аударады.

Салық хабарламалары электрондық пошта арқылы жіберілмейтінін ұмытпаған жөн. Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтындағы ресми ақпаратқа сәйкес хабарламаларды пошта арқылы тапсырысты хатпен, арнайы мобильді немесе веб-қосымша не болмаса "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының сервистері арқылы жіберуге болады.

"Белгісіз біреулерден келіп түскен электрондық хаттарды ашпаңыз. Мұндай хабарламаларды оқымай бірден өшірген дұрыс. Ал егер оны ашып қойсаңыз, онда тіркелген сілтемелер бойынша өтпеңіз және файлдарды жүктемеңіз. Олар алаяқтық сайттарға апаруы немесе зиян бағдарламаларды қамтуы мүмкін", - дейді журналистер.


Нақты қарыздың бар-жоғын қалай тексеруге болады?

Төленбеген салықтар мен айыппұлдардың бар-жоғын Kaspi.kz, Halyk Bank және E-Salyq Azamat сервистері арқылы білуге болады:

  • Kaspi.kz - "Барлық төлемдер" → "Айыппұлдар мен салықтар" → "Салықтар" - "Салықтар бойынша қарыздар" → "Тексеру";
  • Halyk Bank "Барлық төлемдер" - "Салықтар, айыппұлдар, ХҚКО қызметтері" → "Салықтар" → "Салық берешегін төлеу (көлік, жер және мүлік)" "Тексеру";
  • e-Salyq Azamat "Электрондық сервистер" "Салық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек сервисі" → "ЖСН енгізу" → "Табу".

Киберқылмыскерлердің "салық хабарламалары" туралы алғаш рет 2023 жылдың соңында белгілі болды. Бұл схема туралы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады. Содан бері Қазнетте алдаудың бұл түріне тап болған жандар туралы талай рет жазылды.