05 қаз, 2021 сағат 12:12

Қазақстандағы жайылымдарда қанша құдық қазылды?


Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жайылымдар құдық қазу жұмыстары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жайылымдарды суландыру мақсатында 2014-2020 жылдар кезеңінде еліміз бойынша 8 555 құдық қазылды, сонымен бірге 11,9 млн гектар жайылымды суландыруға мүмкіндік берді. Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес, жайылымдарды суландыру үшін құдықтар қазу кезіндегі шығындарды өтеу үлесін 50%-дан 80%-ға дейін арттыру жұмыстары жүргізілуде», - деді Ербол Қарашөкеев.

Оның айтуынша, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі облыстар әкімдіктерімен бірлесіп, жайылымдық алқаптардағы жер асты суларының қорларын растау жөніндегі жұмысты жандандыруы қажет.

«Бұдан басқа, облыстар әкімдіктері қолданыстағы заңнама шеңберінде иесіз құдықтарды түгендеу және анықтау жұмыстарын жүргізіп, кейіннен мал суаруға арналған пункттерді белгілеуі керек», - деді министр.