ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жылдық жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тәуелсіздік жылдары елімізде отбасы институтын нығайтуға, әйелдердің құқықтары мен экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге, ана мен баланы қорғауға қатысты бастамалар көтеріліп, оны дамыту қолға алынып келеді. Отбасы құндылықтарын сақтап, оны нығайту жалпы еліміздің әрі қарайғы дамуына әсер етері сөзсіз. Өйткені тек бақытты, бақуатты отбасы елдің бірлігі мен берекесінің тірегі бола алатыны ақиқат. Тек бірлігі жарасып, берекесі келіскен ел ғана жетістікке жетері сөзсіз», - деді Ұлттық комиссия төрағасы Ләззат Рамазанова.
Отырыста қауіпсіздік, сот және құқық қорғау салаларында қызмет етіп отырған қыз-келіншектер жайлы, сондай-ақ олардың басшылық қызметке тағайындалуы туралы Жоғарғы сот, Бас прокуратура және Ішкі істер министрлігінің ақпараттары тындалды.
Отырыс кезінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің осы мәселе жөніндегі 1352 қарарында көзделген бастамалар мемлекет тарапынан қолдау тауып жатқаны айтылды.
Жоғары сот өкілінің айтуныша, еліміздің сот корпусында жұмыс істейтін 2 382 судьяның жартысынан көбі қыз-келіншектер (52,6%). Аудандық соттарда судьялық қызметтегі қыз-келіншектердің үлесі де артуда (54,3%). Сот жүйесіндегі әкімшілік-мемлекеттік қызметшілер қатарында қыз-келіншектер саны 65,4%-ы құрап отыр. Олардың ішінде 370 (61%) қыз-келіншек басшылық қызметте еңбек етіп жүр.
Ал прокуратура органдарында 1071 қыз-келіншек, яғни, жалпы қызметкерлердің 22%-ы, оның ішінде 73 әйел басшылық қызмет атқарып жүр. Ішкі істер министрлігінің комисися ұсынған ақпараты бойныша, кейінгі бес жылда құқық қорғау қызметінде де қыз-келіншектер саны артқан. Бүгінде бұл салада 12 414 қыз-келіншек (14%) жүмыс істеп жүр. Оның ішінде 657 қыз-келіншек (5,3%) басшылық лауазымды иеленіп отыр.
