13 қаз, 2021 сағат 11:10

Қазақстандағы орташа зейнетақы мөлшері белгілі болды


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстандағы зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшерін атады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомство сайтына сілтеме жасап.

2021 жылғы қаңтардан қыркүйекке дейін республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлеуге шамамен 614,9 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақыға - 1 триллион 390,1 миллиард теңге жұмсалған.

Ал, 2021 жылдың қыркүйек айында республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 221,2 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 67,9 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 153,3 млрд теңге бөлінген.

"2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 229 мың адамды құрайды. 2021 жылы 1 қазанда зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) 99 887 теңгеге жетті", - делінген хабарламада.

2018 жылы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі әр зейнеткердің зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып, жеке тағайындалатыны айтылды. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне 1998 жылы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жиналған еңбек өтілі, сондай-ақ, міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер қосылады.