01 қыр, 2022 сағат 16:47

Қазақстанда жемқорлардан тәркіленген ақша мектеп құрылысына жұмсалады


Қазақстанда жемқорлардан тәркіленген ақша мектеп салуға жұмсалады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек", - деді Президент.

Мемлекет басшысы орта білім беру сапасы табысты ұлт болудың маңызды шарты екенін атап өтті.

"Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз", - деді ол.

Президенттің айтуынша, бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.

"Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек", - деді ол.