23 ақп, 2022 сағат 13:26

Қазақстанда Жастар корпусын дамыту жобасы қандай нәтиже берді?


Қазақстанда Жастар корпусын дамыту жобасына 10 мыңға жуық жастар қатысты және 3 мың гранттық жобаны жүзеге асырды. Бұл туралы жобаны басқару жөніндегі топтың үйлестірушісі Гүлмира Ескендірова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Жастар корпусын дамыту жобасын ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банк 2016 жылдан бастап жүзеге асырды және 2021 жылы аяқтады. Бүгін елордада «Жастар корпусын дамыту жобасын жүзеге асыру қорытындылары» атты дөңгелек үстел өтіп жатыр. 

«Жоба үш компоненттен тұрды. Олардың ішіндегі ең ірісі – Zhas Project гранттық бағдарламасы болды. Екінші компонент жастарды дамытуға жауапты министрліктерді – ҚР Білім және ғылым министрлігін, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігін институционалдық дамытуға бағытталды. Министрліктердің жастар саясатындағы институционалдылығын шешу және нығайту, жас қызметкерлердің әлеуетін арттыру үшін түрлі мақсаттар қойылды. Жобаны іске асыру барысында гранттық бағдарламаға 10 мыңға жуық жас қатысып, 3 мыңға жуық гранттық жобаны жүзеге асырды. Екінші компонент аясында жастар саясаты бойынша стратегиялық құжаттарды дұрыс зерттеуге, әзірлеуге бағытталған 6 тапсырма орындалды», - деді Г. Ескендірова елордада өткен дөңгелек үстелде.

Спикер атап өткендей, жастар 1 млн теңгеге дейін грант алған. Олар топ ішінде жұмыс істеді және топтың әрбір мүшесі 6 ай бойы 40-60 мың теңге көлемінде стипендия алған. Гранттық қаржыландыру өздерінің әлеуметтік идеяларын ұсынған жастарға бөлінген. Әлеуметтік жобалар түрлі идеяларға бағытталған. Жастар спорт клубтарын, тігін цехтарын, аяқ киім салондарын, нан-тоқаш өнімдерінің шағын өндірістерін ашқан.

«Біз олардың алдына идеяны бизнеске айналдыру міндетін қойған жоқпыз. Бұл үшін көптеген басқа бағдарламалар бар. Біздің жобамыз бизнесті бастау үшін дағдылары жоқ жастарға бағытталған. Яғни, оларға өз дағдыларын шыңдауға мүмкіндік бердік, олар жобалық басқаруды үйренді, менторлармен жұмыс істеді. Өкінішке орай, қазір жобаны қаржыландыру аяқталды. Бұл бастаманы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне береміз. Министрлік те жобаны жалғастыруды жоспарлап, қарастырып жатқанын естідік», - деді Гүлмира Ескендірова.