19 ақп, 2020 сағат 17:25

Қазақстанда жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға екі жылда 9 млрд теңге бөлінеді

ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Үкіметінің жанындағы Жоғарғы ғылыми-техникалық комиссия (ЖҒТК) отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Ғылымды дамытудағы басымдықты бағыттар мен 2020-2022 жылдары жас ғалымдардың ғылыми зерттеулерін гранттық қаржыландыру көлемін бөлу туралы Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, атом энергетикасы саласындағы технологиялық сипаттағы қолданбалы ғылыми зерттеулер туралы Энергетика министрі Н. Ноғаев баяндады.

2020-2022 жылдары жас ғалымдардың ғылыми зерттеулерін гранттық қаржыландырудың жалпы көлемі 9 млрд теңге болады (жыл сайын 3 млрд теңгеден).

Қазіргі кезде мемлекеттік ғылыми-техникалық және экономикалық сараптамалар нәтижесі бойынша ұлттық ғылыми кеңестер келесі 7 басымдықты бағыт бойынша жас ғалымдардың 1 013 өтінімін іріктеп алды:

  • Энергетика және машина жасау (102); табиғи ресурстарды, оның ішінде су ресурстарын, геологияны, қайта өңдеуді, жаңа материалдар мен технологияларды, қауіпсіз бұйымдар мен конструкцияларды ұтымды пайдалану (313); жаратылыстану ғылымдары саласындағы ғылыми зерттеулер, ақпараттық, телекоммуникациялық және ғарыштық технологиялар (167);
  • агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту және ауыл шаруашылығы өнмдерінің қауіпсіздігі (139); өмір және денсаулық туралы ғылым (127); «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасыр білімі, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер, 155); ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс (10).

ЖҒТК «Жаратылыстану ғылымдары саласындағы ғылыми зерттеулерді» жеке басым бағыт ретінде бөлуді бекітті, бұл Қазақстанның қазіргі ғылыми мектептерін одан әрі нығайту мен дамытуға, осы саладағы ғалымдардың жаңа буынын қалыптастыруға ықпал етуге бағытталған.