05 мам, 2021 сағат 18:40

Вакцинацияланған азаматтарға бірқатар шектеу алынып тасталды – Есмағамбетова



КВИ-ға қарсы вакцинацияланғандар санының біртіндеп артуына байланысты ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен вакцинациялаудың толық курсы бар адамдар үшін бірқатар шектеу алынып тасталды, деп хабарлады ОКҚ брифингінде ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова.


«COVID-19 - ға қарсы вакцинациялаудың толық курсы болған жағдайда ауруханаға жатқызудың кез келген түрі үшін, ұйымдасқан ұжымдарға барған кезде, вахталық қызметкерлерге, демалыстан, іссапардан кейін медицина қызметкерлеріне, ауруына байланысты жұмыс орнында болмаған кезде, медициналық жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттеріне және басқа адамдарға ПТР тест талап етілмейді», - деді Есмағамбетова.


COVID-19 расталған жағдайларымен байланыста болғандар оқшауланбайды, бірақ оларға медициналық бақылау қамтамасыз етіледі; кеңсе ұйымдарының қызметкерлері қашықтықтан жұмыс істеу форматына ауыстырылмайды.


Сонымен қатар, күн сайын тәулігіне 400 мыңға дейін жағдай тіркелген Үндістандағы коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауын ескере отырып, Үндістан аумағында таралған штаммның әкелінуінің алдын алу бойынша қосымша шаралар қабылданды.


Мәселен, Қазақстан Республикасына, оның ішінде үшінші елдер арқылы келген және Үндістанда болған адамдар соңғы 14 күн ішінде ПТР әдісімен COVID-19-ға анықтаманың және COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың болуына қарамастан, 14 күнге үйде оқшаулауға (үй карантині) жатады.


«Халықтың көп бөлігі вакцинациямен қамтылған жағдайда ғана біз карантинсіз үйреншікті өмірге қайта орала аламыз. Тәуекел тобына бірінші кезекте 60 жастан асқан адамдар түседі, олардың 80% - да асқынулары бар және реанимацияға түседі, сондықтан өзімізді ғана емес, өзіміздің жасы үлкен жақындарымызды да қорғау үшін вакцинация әрқайсымыз үшін маңызды», - деп еске салды Есмағамбетова.


Комитет басшысы вакцинация вирустың таралуын азайтудың және туыстарымен, әріптестерімен, достарымен қауіпсіз қарым-қатынасқа оралудың жалғыз жолы екенін тағы бір рет атап өтті.