06 қаз, 2021 сағат 18:52

Қазақстанда вакциналау қарқыны неге баяулады: Алексей Цой түсіндірді


Қыркүйекте 10 млн адамды екпемен қамту туралы жоспар неге 7 млн адамға ғана орындалды? ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға Орталық коммуникациялар қызметінде осындай сұрақ қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірінші кезекте, Қазақстан нарығында вакциналардың қолжетімділік мәселесі бар. Өздеріңіз білесіздер, көптеген елдер өз қажеттіліктерін мәлімдей бастады. Біз көлемді кезең-кезеңімен ұлғайтып отырдық. Қазір біз сол есебіміздің жағдайға сәйкес келгенін көріп отырмыз. Жазда бізде вакциналау қарқыны белгілі бір мөлшерде төмендеді. Енді күзде қайта артатынын күтіп отырмыз. Адамдар демалыстан оралды, енді коронавирус бар екеніне күмәнданбайды, вакцинаның тиімді екеніне көз жеткізді. Біз вакцина алмаған азаматтардың басым көпшілігі ауырып жатқанын көріп отырмыз», - деген министр қазіргі қарқын көңілге қонымды екенін атады.

«Қазір 7,7 млн азаматтың сенім артып, вакцина алғанын көріп отырмыз. Бізде ересек тұрғындардан вакцина алмаған 4 миллион адам қалды. Жалпы, ересектердің басым бөлігі екпе алды. Израильге, Ұлыбританияға қараңыз. Алғашқы айларда вакцинация қауырт жүрді. Қазір ол жақта да вакцина алушылардың қарқыны бәсең. Яғни, алдымен сұраныс артып, кейін бір қалыпты екпінмен жалғасып жатыр. Қазіргі қарқынымызды түсірмесек, вакцинацияның қарқыны жақсы екенін көріп отырмыз», - деп түсіндірді Алексей Цой.

Оның айтуынша, вакцинаға алғашында күмәнмен қарау әлем елдерінің бәрінде болған.

«Жалпы, коронавирус инфекциясының өзі жаңа инфекция. Сондықтан бәрі оған сақтықпен қарайды. Қазір вакцинация жақсы қарқынмен жүріп жатқанын көріп отырмыз. Бұл, инновацияға қалыпты реакция. Адам біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде де осылай әрекет етеді. Бұл - қалыпты жағдай», - деді ведомсто басшысы.