03 қыр, 2021 сағат 13:46

Қазақстанда вакциналануы тиіс контингентінің 67 пайызы екпе алды - ДСМ


5 млн-нан астам қазақстандық коронавирусқа қарсы вакцина алды. Бұл туралы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқармасы төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақстанда халықты коронавирус инфекциясына қарсы жаппай вакциналау енгізілді. Жалпы, 9 млн-нан астам адамды вакцинациялау жоспарланған. 2 қыркүйектегі мәліметке сәйкес, вакцинаның 1-компонентімен 6 748 762 адам қамтылды. Бұл халықтың вакциналануы тиіс контингентінің 67,7 пайызын құрайды. Бүгінде 2-компонентті 5 559 692 адам, яғни 55,8 пайызы алды», - деді ол «Жолдау 2021: іске асыру жолдары» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысы барысында. 

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта елімізде вакцинаның 3-тен 5-ке дейінгі түрінің 1-дозасы қол жетімді. Вакцина түрі өңірлерге байланысты азайып не көбейіп отырады. 

«Өңірлердегі халықтың белсенділігі әртүрлі. Қалаларда жоғары белсенділік байқалады. Халықтың құлағдар болуын ұлғайту, медицина қызметкерлері сауатты әрі дұрыс түсіндіруі үшін жұмыстар кешенді түрде белсенді жүргізілуде. Денсаулық сақтау басқармалары, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері тарапынан медицина қызметкерлерін оқыту тұрақты жүргізіледі», - деді Айнагүл Қуатбаева.