27 қыр, 2021 сағат 16:14

Елімізде вакцина алған қанша адам қайтыс болды?



1 ақпаннан бері коронавирусқа қарсы вакцина алған 482 адам індеттен көз жұмды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".


"Биыл 1 ақпаннан бастап тамыз айының соңына дейін вакцина алған соң қайтыс болғандардың саны - 482. Бұл - КВИ-ден қайтыс болғандардың жалпы санының 5 пайызы. Осы орайда жалпы аталған індеттен қайтыс болғандардың дені - вакцина алмаған жандар екенін еске салғым келеді. Вакцина алғаннан кейін мерт болған 482 адамның 23-і Corona Vac салдырған, 371-і «Спутник V» вакцинасын қабылдаған, тағы 75 адам Vero Cell еккен және 13 адам отандық QazVac-ты алған", - деді Цой үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.


Осы орайда журналистер бұған дейін Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният 1 ақпаннан 31 шілдеге дейінгі аралықта 115 вакциналанған адам қайтыс болғанын мәлімдегенін еске салды.


"Бүгін сіз 2021 жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша 482 адам вакцинадан кейін ауырып қайтыс болды деп отырсыз. Сонда бір ғана тамыз айында 367 адам көз жұмды ма?", - деп сұрады БАҚ өкілдері Цойдан.


Министр бұл ақпаннан тамыз айын қоса алғандағы статистика екенін атап өтті.


"482 адамның бәрі – толық вакциналанғандар. Сіздер білесіздер, бізде шілде-тамыз айларында аурушаңдық өсіп, өлім-жітім көп болды. Сондықтан осындай айырмашылық бар. Бірақ бәрібір де коронавирустан қайтыс болғандардың дені вакцина алмағандар екенін көріп отырмыз. Сондықтан мен осыған назар аударуды сұраймын", - деп түйіндеді Цой.


Бұған дейін ведомство басшысы елдегі эпиджағдайдың жақсарғанын жеткізген еді.


«Қазақстандықтар коронавирус дәуірінде өмір сүріп жатқанын түсіну керек. Қазіргі уақытта 6 миллионнан астам қазақстандық толық вакцина алды. Бүгінде халықтың белгілі бір бөлігінде иммундық қабілет жақсарып, сәйкесінше, эпиджағдай жақсарып келеді», - деп еді министр.