21 мам, 2024 сағат 17:18

Қазақстанда ҰБТ форматы өзгереді

Сурет: Pixabay

2025 жылы ұлттық бірыңғай тест тапсырудың жаңа форматы пилоттық жоба ретінде іске қосылады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"

Министрдің айтуынша, әлемнің көптеген елінде тестілеуді алып тастау мәселесі қызу талқыланып жатыр.

"Мәселен АҚШ пандемия кезінде стандартты тестті алып тастады және университеттер өте күрделі мәселеге тап болды. Орталықтандырылмаған оқуға түсу жүйесіне қарамастан, кем дегенде студенттерді бағалау, салыстыру және іріктеу үшін қандай да бір стандарт қажет", – дейді Саясат Нұрбек.


Оның айтуынша, министрлік 2021 жылдан бастап дүниежүзілік банктің қолдауымен ҰБТ форматын қайта құру және ең бастысы – тест сұрақтарының мазмұнын түбегейлі қайта өңдеу бойынша үлкен жобаны іске қосқан.

"Алдыңғы жылы біз екі бағыт бойынша жұмыс істедік. Біріншісі – жаңа формат бойынша тест дайындау. Барлық сұрақтарды мазмұнды түрде қайта қарау керек болды. Өткен аптада бұл компонент аяқталды. Тест дайындауды әлемге әйгілі француз компаниясы жүргізді. Жаңа модель бойынша 350 тестолог дайындалды", – деді министр.


Екінші бағыт – финляндиялық компаниялар тобымен ҰБТ құрылымы бойынша жұмыс.

"Бұл арнайы оқытылған тестологтар тобы SIT форматына ұқсас жаңа әдістеме бойынша сұрақтар дайындай бастайды, бұл халықаралық деңгейде танылған тест. Оған қоса, біз базаны құрғанда жаңа ҰБТ форматын пилоттық түрде бастау үшін кем дегенде 50 мың сұрақ әзірлеуіміз керек. Мұнда да мұқият, ұқыпты болуымыз керек, өйткені форматтың күрт өзгеруі де үлкен проблемаларға алып келеді, жоғары сынып оқушыларын осы форматқа дайындау қажет", – деп атап өтті Саясат Нұрбек.


Ведомство басшысы осы жылдан бастап министрлік үлкен пилоттық жобаға дайындық бастайтынын айтты.

"Біз пилоттық жобаны келесі жылы бастаймыз, жоба ҰБТ форматын бірден өзгертпейді, белгілі бір пилоттық режимде іске қосылады. Бірте-бірте біз SIT халықаралық стандартына көшеміз, онда әрбір талапкердің өзі тестілеу орнын, уақытын таңдайды, дайындалады, тапсырады, сертификат алады, сонымен оқуға түседі", – деді министр.