Қазақстанда тұру ережелерін бұзған 7 572 шетел азаматы анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Осы жылдың 16 қаңтарынан бастап 20 қаңтарына дейін Қазақстан аумағында үшінші ел санатындағы мигранттардың заңсыз көші-қонын анықтау және болдырмау, заңсыз көші-қон арналарын ұйымдастырушылардың іс-әрекеттерін шектеу мақсатында «Мигрант» жедел алдын-алу іс-шарасы өткізілді. Соның нәтижесінде Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзған 7 572 шетел азаматы анықталды. Сот шешімі бойынша олардың 703-і елден шығарылып, 715 адам қабылдау-тарату орталықтарына орналастырылды», - делінген хабарламада.
Ішкі істер министрлігінің мәліметтері бойынша, шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 253 жұмыс беруші әкімшілік жауапқа тартылған.
Нақтырақ айтқанда, Атырау облыстық полиция басқармасының заңсыз көші-қонмен күресу жөніндегі арнайы бөлімінің қызметкерлері ағынды суларды тазарту құрылыстарына қызмет ететін өндірістік базаның аумағында заңсыз еңбекпен айналысатын Өзбекстан азаматтарын ұстаған. Шетелдіктермен бірге жұмыс беруші де әкімшілік жауапқа тартылып отыр.
Миграциялық заңдарды бұзғаны үшін алдын-ала тергеудің бірыңғай реестрінде 66 қылмыстық іс тіркелді.
Мәселен, Шымкент полиция департаментінің заңсыз көші-қонға қарсы күрес жөніндегі арнайы бөлімінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткен Ауғанстан азаматын ұстаған.
«Іздеуде жүрген 32 қылмыскер ұсталды. Оның ішінде төртеуі ТМД азаматы. Жалпы, миграциялық заңнамаларды бұзғаны үшін 3 877 шетелдіктің елімізде уақытша болу мерзімі қысқартылды», - деп толықтырды баспасөз қызметінен.