06 қаз, 2021 сағат 17:10

Қазақстанда тұмау анықталған жоқ - ДСМ


Қазақстанда тұмау анықталған жоқ. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тұмау мен ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық маусымның басталуына байланысты министрлік халықтың сырқаттанушылығына, вакцина алуына мониторинг жүргізуде. Республикада 1 қыркүйектен 850 ЖРВИ жағдайы тіркелді, тұмау анықталған жоқ. Бүгінгі күні тұмауға қарсы 694 710 адам егілді, Оның ішінде 684 051-і – тегін, 9 370-ы жұмыс берушілер есебінен және 1 289-ы ақылы негізде екпе алды. Халықты егумен қамтудың барынша жоғары пайызы Түркістан, Павлодар, Қарағанды облыстарында және Шымкент қаласында байқалады», - деді Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның атап өтуінше, ЖРВИ мен тұмауға қарсы вакцинация жалғасып жатыр. Вакцинаның көлемі жеткілікті.

«Коронавирус инфекциясы мен жіті респираторлық вирустық инфекцияның клиникасы ұқсас. Алдағы тұмау мен ЖРВИ бойынша эпидемиялық маусымды ескере отырып, медициналық көмекке уақытылы жүгіну қажет. Қорытындылай келе, мынаған назар аударсаңыздар, өзіңізге және басқа адамдарға ауру жұқтырмау үшін қарапайым профилактика іс-шараларын сақтап, вакцинаны уақытылы алу қажет. Коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру, әрқайсымыздың және жақындарымыздың денсаулығы өз қолымызда», - деді министр.