19 жел, 2020 сағат 06:00

Қазақстанда тағы 719 адамнан коронавирус анықталды

Қазақстанда 18 желтоқсан күні 719 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталды. Бұл туралы коронавируспен күрес жөніндегі жедел штаб Telegram-каналында хабарланды.

Кейінгі айларда күнделік науқастар саны тұрақты түрде жүзден асып, бұл көрсеткіш бойынша өзге аймақтардан едәуір жоғары болып келген солтүстік облыстарда вирус жұқтырғаны расталғандар тәулік сайын азайып келеді.

Мәселен, шарықтау шегінде 353 науқас тіркелген Шығыс Қазақстан облысында өткен тәулікте 63 науқас анықталған. Қараша айында вирус жұқтырғандар күн сайын жүзден асып келген Солтүстік Қазақстан облысы мен Павлодар облысында күнделік көрсеткіш біртіндеп азайып, 18 желтоқсан күні коронавируспен екі облыста 64 және 95 адам тіркелді.

Ал Желтоқсан айында індеттің тарауы күрт өршіп, қызыл аймаққа кірген Нұр-Сұлтан қаласында да жағдай тұрақтанғандай көрінеді. 16 желтоқсанда 111 науқас анықталса, 17 желтоқсанда 54, 18 желтоқсанда 55 науқас тіркелген.

Тек Атырау облысында ғана айтарлық өсу байқалып отыр. Қараша айында Covid науқастарының күнделік саны 20-дан аспай келген бұл облыста желтоқсан айында вирус жұқтырғаны расталғандар саны біртіндеп арта бастаған. Облыста 17 желтоқсанда 60 науқас тіркелсе, 18 желтоқсан күні 95 науқас тіркелген.

Қалған аймақтарда жағдай салыстырмалы түрде бірқалыпты.

Қазақстанда вирус жұқтырғаны расталған адамдардың саны осымен 145 932-ге жетті. Бұл статистикаға ПТР тестімен расталмаған, диагнозы ауру белгілері бойынша қойылған коронавирус пневмониясы науқастарының саны қосылмаған.

Коронавирус пневмониясының есебін Қазақстан үкіметі 1 тамыздан бері жүргізіп келеді. Пневмонияның бұл түрімен 18 желтоқсанға дейін 44 338 адам тіркелген. Оның 468-і қайтыс болған.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, 19 желтоқсандағы ақпарат бойынша коронавирус жұқтырған 259 адамның жағдайы ауыр.

25 568 адам короновирус инфекциясынан (13 800 КВИ+ және 11 768 КВИ-) емделуде, олардың ішінде 4 397 пациент - стационарда, 21 171 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.

Аймақтар бойынша коронавирусқа қатысты жалпы дерек: 

Нұр-Сұлтан қаласы - 55
Алматы қаласы - 65
Ақмола облысы - 58
Ақтөбе облысы - 11
Алматы облысы - 45
Атырау облысы - 95
Шығыс Қазақстан облысы - 63
Жамбыл облысы - 14
Батыс Қазақстан облысы - 37
Қарағанды облысы - 32
Қостанай облысы - 67
Қызылорда облысы - 1
Маңғыстау облысы - 10
Павлодар облысы - 95
Солтүстік Қазақстан облысы - 64
Түркістан облысы - 7