15 қыр, 2021 сағат 11:16

Қазақстанда тағы 2,9 мың адамнан коронавирус анықталды


14 қыркүйекте 2 930 адамның коронавирус тесті оң шықты. Денсаулық сақтау министрлігінің 15 қыркүйек күнгі хабарламасында осындай мәлімет көрсетілген. 

Алматыда - 612, Қарағанды облысында – 340, Нұр-Сұлтанда – 326, Алматы облысында 240 адамнан коронавирус анықталған. 

Індет басталғалы бері 848 мың адамның ПТР тесті оң шыққан. 10 491-і қайтыс болған.

14 қыркүйекте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал тұрақталды, кейінгі екі аптада ауру өсімі 35 пайызға азайды деп мәлімдеген. Министрдің айтуынша, соған байланысты 25 тамыздан бері Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары, Атырау, Қарағанды, Түркістан, Маңғыстау облыстарында 57 стационар жабылған.

Дүйсенбі, 13 қыркүйекте Қазақстанда коронавируспен байланысты 77 адам өлімі тіркелді: 64 адам – коронавирустан, 13 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады.

Қазақстан 2020 жылдың 1 тамызынан бастап ПТР тесті теріс шыққан, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын "ковидтектес пневмония" есебін жүргізіп келеді. Осы күнге дейін пневмонияның бұл түріне 73,1 мың адам шалдыққан. Оның ішінде 4700 адам аурудан айыға алмай қайтыс болған. 13 қыркүйекте 302 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды.

Қазір елде 75 685 адам коронавирус инфекциясынан (67 269 КВИ+ және 8 416 КВИ-) емделіп жатыр. Олардың ішінде 14 335 пациент стационарда, 61 350 науқас амбулаторияда ем қабылдап жүр.

КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында: 1 136 адамның жағдайы ауыр, 350 пациенттің жағдайы өте ауыр, 198 науқас ӨЖЖ аппаратына қосылған.

19 миллион халқы бар Қазақстанда үкімет 10 миллион азаматқа коронавирус вакцинасын салуды көздеп отыр. Бүгінге кейін дейін екпені 6 млн-ға жуық адам толық алған. Бұдан бөлек, 1,1 млн адам вакцинаның екінші дозасын күтіп отыр.

Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында, қалада 916 736 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 814 080 адам екінші компонентін салдырған.

Екпе алудан екінші орында - Түркістан облысы. Өңірде 815 405 адам коронавирус вакцинасының 1-компонентін, 634 826 адам 2-компонентін егілген.

Үшінші орында - Алматы облысы. Аймақта 719 983 адам екпенің бірінші бөлігін алса, 600 494 адам екінші бөлігін қабылдаған.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде 225 млн адам коронавирусқа шалдыққан, 4,6 миллионы қайтыс болған.