03 мам, 2021 сағат 11:27

Қазақстанда тағы 2,5 мың адам коронавирус жұқтырды


Қазақстанда 2 мамырда 2496 адамнан коронавирус табылды. Ал 1 мамырда 12 адам "коронавирус пневмониясына" шалдыққан. Covid дертінен 1 мамырда 18 адам (екеуі "коронавирус пневмониясы") көз жұмды. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Ресми дерек бойынша, былтыр мамырдан бері Қазақстанда 327 995 адамнан коронавирус табылып, 3733 адам қайтыс болған.

Министрлік коронавирус тесті теріс, бірақ белгілері Covid дертіне ұқсас "пневмония" статистикасын 2020 жылдың 1 тамызынан бері жүргізіп келеді. Осы уақыттан бері елде 53083 адам"“коронавирус пневмониясына" шалдығып, 809 адам қайтыс болған.

3 мамырдағы дерек бойынша, елде қазір 44374 адам емделіп жатыр. 43920 науқастан коронавирус анықталған. 762 адамның халі ауыр, 197 науқастың жағдайы тым мүшкіл. 122 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Қазақстанда қазірге дейін 1,3 миллион адам екпенің бір дозасын болса да алған. Бұл ел жұртқа ресейлік "Спутник V", QazVac және БАӘ елінде жасалған Қытайдың Sinopharm компаниясының екпесін салып жатыр

Елдің бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов халықтың көбіне вакцина жету үшін 1 мамырда "Спутник V" екпесінің екі дозасының арасын үш аптадан 45-90 күнге созған. 

АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, әлемде 152 миллион адамға вирус жұққан. 89.1 миллион адам дерттен айыққан. 3,19 миллион адам қайтыс болды.