13 қаз, 2021 сағат 09:30

Қазақстанда тағы 1,7 мың адам коронавирусқа шалдықты


12 қазанда Қазақстанда 1707 адамның анализінен коронавирус анықталды. 1958 адам Covid-тен айықты. 

Қазір күніне 1500-2000 айналасында науқас тіркеліп жүр. Денсаулық сақтау министрлігі тамыздан бері індеттің сәл бәсеңдегенін айтқан. Жазда індет ушыққан кезде күніне тіркелген науқастар 8 мыңға дейін барды. Адам өлімі де көп болды. 

Індет басталғалы бері Қазақстанда 908 мың адамның коронавирус тесті оң шыққан. 850 мыңы айыққан. 11 613-і жазылған. 11 қазанда 29 адам коронавирустан көз жұмған.

Қазір Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Павдодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары "қызыл аймақта" тұр. "Жасыл аймақта" Шымкент қаласы, Түркістан, Жамбыл, Атырау, Қызылорда облыстары тұр. Қалғаны - "сары аймақта". 

Пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрін Қазақстан билігі халықаралық ұйымдардың қысымының нәтижесінде 2020 жылдың 1 тамызынан бастап есепке ала бастаған. 

Содан бері ресми мәлімет бойынша, 77 мыңнан астам адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 11 қазанда бұл диагноз 176 адамға қойылды. 2020 жылдың 1 тамызынан бері "пневмония" 4931 науқас өліміне себепші болған. 6-ы екі күн бұрын көз жұмған.

Қазір республика бойынша 53 мыңға жуық науқас коронавирустан емделіп жатыр. 9,2 мың науқас стационарда жатыр.

Қазір 6,9 миллион адам коронавирусқа қарсы вакцинаның толық дозасын алған. 1 млн адам екінші дозасын күтіп отыр.

Қазір Қазақстанда 18 бен 65 жас аралығындағы адамдарға ресейлік "Спутник V" (қазір оны Қарағандыда өндіреді), қазақстандық QazVac, қытайлық Sinopharm компаниясының БАӘ-де өндірілген Hayat-Vax пен Қытайда өндірілген Vero Cell екпесі, сонымен бірге тағы бір қытайлық Sinovac компаниясының CoronaVac екпесі салынып жатыр.