Елімізде шамадан тыс жүк артып жолға шыққан 830-ға жуық көлік анықталды. Бұл дерек көліктік бақылау органдарының биылғы І тоқсандағы жұмысының қорытындысында мәлім болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«2020 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша көліктік бақылау органдары 28 032 жүк автокөлігін тексеріп, заң талаптарын бұзған 4 231 автокөлікті анықтады. Оның ішінде 219 шетелдік көлік құралы жол жүруге берілетін рұқсат жүйесін бұзған. 827 жүк көлігінің шамадан тыс жүкпен жүріп өтуіне тосқауыл қойылды. Жалпы алғанда 198 млн теңгеге айыппұл салынып, өндірілді», делінген хабарламада.
Сонымен қатар, аталған кезеңде 46 шаруашылық субъектісі тексеріліп, 34 заң бұзушылық анықталды және 30 заң бұзушылықты жою туралы ұйғарым берілді. Көлік жүргізушілерінің еңбек және демалыс режимін бұзғаны үшін 2382 әкімшілік материал ресімделіп, 29 млн 245 мың теңге сомасында айыппұл өндірілді. Бұл шаралар жалпы тасымалдау (жолаушыларды, жүктерді және қауіпті жүктерді тасымалдау) қауіпсіздігіне оң әсер етіп отыр.