Pfizer-BioNTech Comirnaty вакцинасы Қазақстанда уақытша тіркеу куәлігін алды.
Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің сайтында Қазақстанда тіркелген вакциналардың тізіміне Pfizer де енді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Вакцина тізімде «комирнати» деген атпен тұр. Тіркеу рұқсаты Қазақстан аумағында коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 23 тамыздағы отырысы кезінде берілген.
«2021 жылғы 23 тамызда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті «Комирнати» вакцинасына мРНҚ негізіндегі (нуклеозидтермен модификацияланған) COVID-19-ға қарсы вакцина ретінде 8 ай мерзімге уақытша тіркеу куәлігін берді», - деп жазылған ресми сайтта.
Америкалық вакцинаға дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сұрыптау ұлттық орталығы оң қорытынды берген.
Айта кетейік, бұған дейін Pfizer вакцинасын бірінші кезеңде 12 жастан асқан балалар мен жүкті әйелдер алатыны туралы белгілі болған.
"Бастапқы кезеңде, қазанда Pfizer вакцинасы тек балалар мен жүкті әйелдер үшін қолжетімді болады, сондықтан оған сенудің қажеті жоқ. Қазір барып, вакцина салдыру керек", - деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Вакцина балаларға тек ата-ана немесе заңды қамқоршысының рұқсатымен ғана салынады.
Қазақстанда тіркелген коронавирусқа қарсы вакциналардың толық тізімін мына жерден көре аласыз.
