Қазақстанда Пенсильвания мемлекеттік университетінің филиалы ашылуы мүмкін. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"АҚШ-қа жұмыс сапары барысында бірқатар нәтижелі кездесу өткіздім. Америкалық жоғары оқу орындарының басшыларымен екі жақты келісімдер жасадық.
Біздің министрліктің басты мақсаттарының бірі - әлемдік стандарттар бойынша кадр даярлау екені баршаңызға белгілі. Ол үшін оқу процесін барынша тәжірибеге бағдарлау және әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының академиялық моделін қолдану қажет.
Америкалық университеттер барлық әлемдік рейтингте лайықты көш бастап келеді. Мысалы, бір ғана Times Higher Education рейтингінде ТОП-10 жоғары оқу орнының 7-еуі — АҚШ университеттері" - деді министр.
Ол бүгін Пенсильвания мемлекеттік университетінің топ-менеджментімен маңызды кездесу өткізгенін, нақтырақ, PennState вице-президенті (Провост) Justin Schwartz-пен, вице-провост Roger Brindley-мен, Пенсильвания мемлекеттік университетінің IT, заң мектебінің декандарымен жүздескенін айтты.
"Пенсильвания мемлекеттік университетінің өкілдерімен бұған дейін де кездескен едік. Оның нәтижесінде аталған оқу орны қазақстандық студенттер мен еліміздің ғалымдары үшін гранттар түрінде 1 млрд теңге немесе 2 млн доллар көлеміндегі тікелей инвестиция бөлген болатын. Бұл жоба қазір іске асырылып жатыр.
Пенсильвания мемлекеттік университеті ұзақ жылдардан бері біздің еліміздің серіктесі болып келеді. «Болашақ» бағдарламасы басталған сәттен бастап, барлық америкалық жоғары оқу орындары арасында осы университет Қазақстаннан барынша көп студент қабылдады. Осы уақытқа дейін 162 қазақстандық аталған оқу орнын бітірді.
Бүгінгі кездесуде біз Қазақстанда Пенсильвания мемлекеттік университетінің филиалын ашу бойынша нақты қадамдарды талқыладық. Америкалық жоғары оқу орнының басшылығы бұл бастамаға қолдау көрсетті. Қазірдің өзінде мәселені тиісті пысықтау жұмыстары басталды" - деп жазды Саясат Нұрбек.
Министрдің сөзінше, ресми кездесулерден кейін ол Пенсильвания мемлекеттік университетінде оқитын қазақстандықтармен жолыққан.
"Жастар шетелде оқудан алған өз әсерлерімен бөлісті. Студенттерге Қазақстанда жоғары білім және ғылым саласында жүргізіліп жатқан реформалар туралы әңгімеледім. Жас зерттеушілер мен ғалымдарды қолдау бойынша мемлекет қолға алып отырған шараларды ерекше атап өттім" - деп түйіндеді ол.