5 қарашада Қазақстанда 591 адамға коронавирус жұққаны тестпен расталды. Сондай-ақ 200 адам қауіпті індеттен емделіп шықты. Денсаулық сақтау министрлігінің 6 қараша таңертең таратқан хабарламасында осылай деп жазылған.
Өткен тәулікте ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (250) тіркелген. Павлодар облысында - 68, Қостанай облысында - 49, Батыс Қазақстан облысында - 49, Нұр-Сұлтан қаласында - 34, Ақмола облысында - 30, Алматы қаласында - 30, Солтүстік Қазақстан облысында - 25, Қарағанды облысында - 20, Алматы облысында - 10, Атырау облысында - 9, Ақтөбе облысында - 6, Шымкент қаласында - 5, Жамбыл облысында - 4, Түркістан облысында 2 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Қызылорда, Маңғыстау облыстарында бірде-бір науқас анықталмаған.
Қазақстанда наурыз айынан бері коронавирус жұққаны ПТР-тестпен расталғандар саны 114 826 адамға жетті. Оның 107 мыңнан астамы жазылған. Наурыз айынан бері кемінде 1873 адам қайтыс болған.
Диагнозы тек ауру белгілері бойынша қойылатын коронавирус пневмониясы 38 мыңнан астам адамнан анықталған, 406 адам қайтыс болған. Үкімет коронавирус пневмониясы дерегінің аймақ бойынша бөлінісін жүйелі түрде жарияламайды.
Айта кетейік, Қазақстанның бірқатар облыстарында шектеу шаралары күшейді. 9 қарашадан бастап Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстары, Көкшетау қалаларында блокбекеттер қойылып, аумаққа кіріп шығу шектеледі. Қазір Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары аумағына кіріп-шығу үшін жолаушылар қолында ПТР-тест нәтижесі болуы тиіс.