15 қараша күні Қазақстанда коронавирус жұқтырғаны Covid тестімен (ПТР) расталған 588 науқас тіркелді. Ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (197) тіркелген. Бір күнде 301 адам жазылды. Денсаулық сақтау министрлігінің 16 қараша таңертең таратқан хабарламасында осындай ақпарат жазылған.
Солтүстік Қазақстан облысында - 57, Қостанай облысында - 51, Павлодар облысында - 49, Нұр-Сұлтанда - 44, Батыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласында әрқайсысында - 42, Ақмола облысында - 35, Алматы облысында - 25, Қарағанды облысында - 17, Атырау облысында - 14, Ақтөбе облысында - 7, Жамбыл облысында - 5, Түркістан облысында 3 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Қызылорда және Маңғыстау облыстарында жексенбі күні бірде-бір науқас тіркелмеген.
Елде наурыз айынан бері вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталғандар 121 051 адамға жетті: 109 мыңнан астамы жазылған. 8 мыңға жуығы емделіп жатыр, 1924-і қайтыс болған.
Covid жөніндегі ұлттық статистикаға есебі 1 тамыздан бері жүргізіліп келе жатқан коронавирус пневмониясы статистикасы (коронавирустың ПТР тестімен расталмаған кейстері) да қосылмаған. 15 қарашадағы дерек бойынша, пневмонияның бұл түрі тамыздан басынан бері 40 149 адамнан анықталған, 418-і қайтыс болған.