05 мам, 2021 сағат 10:00

Қазақстанда өткен тәулікте 2 298 адамнан коронавирус анықталды


4 мамырда Қазақстанда 2298 адамның анализінен коронавирус анықталды. Бұл туралы 5 мамырда таңертең денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Ведомство коронавирус пневмониясы мен адам өлімі бойынша екі күн бұрынғы деректі жариялап келеді. Дүйсенбі күні 29 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған. 39 адам өлімі тіркелген: 34 адам – коронавирустан, 5 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады.

Сейсенбі күні Алматыда 645 науқас тіркелген. Бұл республика бойынша бір күн ішінде тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Нұр-Сұлтанда – 285, Шығыс Қазақстан облысында – 87, Қарағанды облысында – 239, Атырау облысында – 85, Алматы облысында – 189, Батыс Қазақстан облысында – 129, Ақмола облысында – 135, Қостанай облысында - 26, Солтүстік Қазақстан облысында – 13, Шымкент қаласында – 80, Ақтөбе облысында – 71, Жамбыл облысында – 65, Маңғыстау облысында – 42, Қызылорда облысында – 69, Түркістан облысында 22 науқас тіркелген.

Ресми дерек бойынша, былтыр наурыздан бері Қазақстанда 332 369 адамнан коронавирус табылып, 3796 адам қайтыс болған. Бірақ бұл статистикаға "коронавирустан емес, басқа аурудан қайтыс болды" делінген мыңнан астам адам өлімі енгізілмеген.

Министрлік коронавирус тесті теріс, бірақ белгілері Covid дертіне ұқсас "пневмония" статистикасын 2020 жылдың 1 тамызынан бері жүргізіп келеді. Осы уақыттан бері елде 53 122 адам "коронавирус пневмониясына" шалдығып, 817 адам қайтыс болған.

Қазақстан билігі коронавирус пен коронавирус пневмониясы дерегін бөлек жариялап жүргенмен халықаралық ұйымдар екеуін біріктіріп есептейді.

Қазір 44 572 адам коронавирустан емделіп жатыр. 44 мыңнан астамының коронавирус тесті оң шыққан. 784 адамның халі ауыр, 196 науқастың жағдайы тым мүшкіл. 117 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Соңғы мәлімет бойынша, 1 млн 486 мың адам екпенің бір дозасын болса да алған. Қазір халыққа ресейлік "Спутник V", QazVac және БАӘ елінде жасалған Қытайдың Sinopharm компаниясының екпесі салынып жатыр.

Коронавирус бойынша 9 облыс пен қала "қызыл аймақта" тұр: Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы, Шымкент қаласы, Ақмола, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар облыстары. "Сары аймақта": Алматы облысы, Атырау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары тұр. Қалған төрт облыс "жасыл аймақта".

АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, әлемде 153,9 миллион адамға вирус жұққан. 90,5 миллион адам дерттен айыққан. 3,2 миллион адам қайтыс болды.