20 мам, 2021 сағат 13:40

Қазақстанда өндірісте зардап шеккендер саны 10,7% азайды


Соңғы 5 жылда елімізде өндірісте зардап шеккендер саны 10,7 пайызға азайды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда, нақтырақ айтқанда 2016-2020 жылдар аралығында өндірісте зардап шеккендердің саны 10,7 пайызға, 1683-тен 1500 адамға дейін азайды. Оның ішінде қайтыс болғандар саны 16,2 пайызға төмендеді. 

Статистика жөніндегі уәкілетті органдардың деректеріне сәйкес, 2020 жылы зерттелген кәсіпорындардың 1,6 млн жұмысшысының 367 мың не болмаса әрбір төртіншісі зиянды және қауіпті жағдайда жұмыс істеген. 2019 жылы бұл көрсеткіш 370 мың адамды құраған болатын», - деді Төлеген Оспанқұлов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның атап өтуінше, зиянды және қауіпті жағдайда жұмыс істейтін жұмысшылардың көпшілігі Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында байқалған. 

«Жоғары шу және діріл жағдайында шамамен әрбір екінші, жұмыс айналасындағы ауаның газдануы мен шаңдануы жағдайында әрбір үшінші адам жұмыс істеген. 94 мың адам ауыр дене еңбегімен шұғылданған. Жұмысшылардың қолайсыз еңбек жағдайлары экономикалық шығындарға алып келетіндігі барлығымызға мәлім. Былтыр елімізде 672 мың жұмысшы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істегені үшін 141 млн теңге сомасында түрлі өтемақы алды. Бұл көрсеткіш 2010 жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары», - деді ол.