Қазақстанда мүлік иелері бірлестігінің 1 132 жаңа нысаны құрылды. Бұл туралы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасы орынбасары Еркебұлан Дауылбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2020 жылғы 7 қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енді. Заң негізгі мәселелерді шешуге бағытталған. Оның бірі - «бір үй - бір бірлестік - бір есепшот» қағидаты бойынша «мүлік иелерінің бірлестігі» коммерциялық емес ұйымын құру арқылы басқару органдарының қызметін реттеу. Заңды іске асыру мақсатында 2 қаулы және 16 нормативтік құқықтық акті қабылданды»,- деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.
Еркебұлан Дауылбаевтың атап өтуінше, қазіргі уақытта елімізде мүлік иелері бірлестігінің 1 132 жаңа басқару нысаны құрылды.
Оның ішінде 539 мүлік иелерінің бірлестігі, 593 жай серіктестік бар. Оның басым бөлігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында орналасқан.
«Басқарудың жаңа нысанын құру көрсеткішінің төмендігі тұрғындардың жиналыс өткізуін шектейтін карантин шараларына байланысты екені сөзсіз. Өздеріңіз білетіндей, тұрғын үй қатынастары саласындағы қарқынды өзгерістерге көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару саласындағы азаматтардың шағымы түрткі болды. Меншік иелері көппәтерлі тұрғын үйді толық басқару үшін кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінің құрамын және әр пәтер иесінің үлесін анықтай отырып тіркеу қажет. Көппәтерлі тұрғын үйдің тұрғындары ортақ мүлікке назар аударып, ұқыпты қарауы тиіс. Ал бұл өз кезегінде тұрғын үй қорын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Сондықтан пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлар иелерінің қаражаттың түсуі мен жұмсалуының ашықтығын қамтамасыз ету үшін өз үйінде мүлік иелерінің бірлестігін немесе жай серіктестік құру қажет екенін түсінуі маңызды»,- деді комитет төрағасының орынбасары.